-
БЕЙЖІҢ – Xiaomi өзінің алғашқы электрлі жол талғамайтын көлігі (SUV) арқылы Қытайда Tesla Model Y-мен бәсекелесуді көздеп, алғашқы сағатта-ақ жоғары сұранысқа ие болды. Осы жаңалықтан кейін Xiaomi акциялары маусымның 27-сі күні 8 пайызға өсіп, тарихи максимумға жетті.
Компания бір күн бұрын 253 500 юань (шамамен 18 400 000 тенге) тұратын YU7 моделін таныстырды. Бұл – тығыз бәсекелес электр көлік нарығындағы оның екінші көлігі. Сонымен қатар компания көлікке орнатылған автоматтандырылған жүргізу технологиясы бойынша бақылауға да тап болды.
Xiaomi алғашқы сағат ішінде 289 000 тапсырыс алды – бұл сарапшылардың болжамынан әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Goldman Sachs сарапшылары:
«Xiaomi-дің YU7 моделіне деген тұтынушылық сұранысы біздің де, нарықтың да күткенінен әлдеқайда жоғары. Бұл Xiaomi-ге Қытайдың премиум автонарығындағы көшбасшылық позициясын күшейтуге мүмкіндік береді» – деп жазды.
Олар компанияның акциялары бойынша баға болжамын 6 пайызға көтеріп, HK$69 деңгейіне жеткізді.Xiaomi маусымның 26-сынан бастап алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады, ал тапсырыс үшін 5 000 юань кепілдік жарна қажет болды. Күтпеген жағдай ретінде, Xiaomi негізін қалаушы Лэй Цзюнь алғашқы көлік – SU7 седанын сатып алған тұтынушыларға көлігін әлі алмаған болса, үш күн ішінде SUV моделіне ауыстыруға мүмкіндік берілетінін жариялады.
Компания оқиғадан кейін алғашқы үш минутта 200 000-нан астам тапсырыс өңделгенін хабарлады.
Bloomberg Intelligence сарапшылары Стивен Цзен және Шон Чен:
«Xiaomi-дің YU7 моделін нарыққа шығаруы және SU7-ден ауысу мүмкіндігі компанияның EV сату көлемін 2025 жылы 209 пайызға дейін арттыруы мүмкін. Қытайда SUV көліктер седаннан танымал, сондықтан бұл жаңа модель Xiaomi-дің өнім желісін кеңейтіп, Tesla мен Nio секілді компаниялардың клиенттерін өзіне тарта алады».
YU7-нің ең жоғарғы комплектациясы 329 900 юань тұрады, бір зарядпен 756 км жүре алады және 100 км/сағ жылдамдыққа 3,23 секундта жетеді. Бұл SUV үлгісі тоғыз түрлі түсте шығарылады, лидар жүйесімен (лазерлік анықтау) жабдықталған, бұл жүргізушіге көмек технологиясын күшейтеді. Сонымен қатар 800-вольттық платформа арқылы жылдам қуат алу мүмкіндігі бар.
Көлікте Қытай тұтынушыларына үйреншікті болған функциялар бар: үлкен сенсорлы экрандар, массаждық орындықтар, жеке тартпалар секілді жайлылықтар қарастырылған.
