6 мамырда Rockstar Games ешқандай алдын ала хабарламай, Grand Theft Auto VI ойынына арналған екінші трейлерді жариялады. Онда жобаның сюжеті туралы жаңа мәліметтермен бөлісті. Сол уақыттан бері небәрі екі айға жетпейтін уақыт өтсе де, бейнеролик ресми YouTube арнасында 123 миллионнан астам қаралым жинап үлгерді.
Бұл көрсеткіш GTA V-тің алғашқы трейлерінен асып түсіп, екінші трейлерге Rockstar Games арнасындағы ең көп қаралған видеолардың арасында екінші орынға шығуға мүмкіндік берді. GTA V трейлері 2011 жылдың қарашасында шыққан еді — яғни оған 14 жылға жуық уақыт болды. Алайда, GTA VI-ның жаңа трейлері оны 60 мыңға жуық қаралыммен басып озды.
Бірінші орынды әлі де 2023 жылдың желтоқсанында шыққан GTA VI-ның алғашқы трейлері ұстап тұр — ол қазіргі таңда 263 миллионнан көп көрілім жинаған.
Әртүрлі дереккөздерге сүйенсек, GTA 6-ның екінші трейлері түрлі платформаларда 1 миллиардтан астам қаралым жинаған болуы мүмкін. Сонымен қатар, бейнероликтің орыс тіліне дубляждалған нұсқасын қоса алғанда, жанкүйерлер жасаған көптеген бейнежобалар да жарық көрді.
Grand Theft Auto 6 ойынының ресми шыққан күні 2026 жылдың 26 мамырына жоспарланған. Жаңа бөлім PlayStation 5 пен Xbox Series платформаларында қолжетімді болады. Дегенмен, Rockstar Games студиясының бұрынғы қызметкері бұл мерзімнің тағы да кейінге шегерілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Айта кетсек, компания жариялаған бос жұмыс орындары алдағы экшн-ойын үшін арнайы мобильді қосымша-компаньон әзірленіп жатқанын және толыққанды орыс тілді маркетингтік кампания жоспарланғанын меңзейді.